«Интердің» түлегі мен өз тәрбиеленушісі: «Ақтөбе» екі футболшымен келісімшарт жасаспақ
«Ақтөбе» жақын күндері құрамын екі еркін агентпен толықтырмақ. Команда бельгиялық қорғаушы Сенна Мианге мен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетовпен келісімшарт жасасуды жоспарлап отыр.
29 жастағы Мианге — Миланның «Интер» клубының түлегі. Ол 2013–2017 жылдары италиялық клуб жүйесінде болып, кейін 3,2 миллион еуроға «Кальяриге» ауысты. Бұдан кейін қорғаушы «Стандард», «Эйпен», «Серкль Брюгге» және Венгрияның «Дьор» клубтарында өнер көрсетті. Биыл жазда келісімшарты аяқталған соң венгриялық клубтан кетті.
Мианге Бельгия жастар құрамасы сапында 11 матч өткізген. Сонымен қатар ол U-15 жасынан бастап елдің барлық жас ерекшелігі бойынша ұлттық құрамаларында ойнаған.
«Ақтөбенің» екінші жаңа ойыншысы 30 жастағы шабуылшы Абат Айымбетов болмақ. Ол Румынияның «Петролул» клубымен келісімшарты аяқталғаннан кейін туған клубына қайта оралады.
Айымбетов — «Ақтөбе» академиясының түлегі. Ол 2013–2020 жылдар аралығында «қызыл-ақтар» сапында ойнап, 124 матчқа қатысып, 25 гол соқты және жеті нәтижелі пас берді.
Кейінгі жылдары қазақстандық шабуылшы «Қайрат», Ресейдің «Крылья Советов», «Астана», Түркияның «Адана Демирспор» және Румынияның «Петролул» клубтарының намысын қорғады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 45 матч өткізіп, тоғыз голдың авторы атанды.
Дәл Айымбетов «Ақтөбе» тарихындағы ең есте қаларлық голдардың бірін соққан футболшы ретінде есте қалды. 2013 жылы небәрі 18 жасында Қазақстан чемпионатының соңғы турында «Ордабасы» қақпасына жеңіс добын соғып, қақпашы Александр Григоренконы әдемі асыра тепкен еді. Сол голдың арқасында «Ақтөбе» чемпион атанып, Айымбетов ҚПЛ тарихындағы ең жас «алтын голдың» авторы атанды.
Қазір «Ақтөбе» маусымды құтқаруға тырысып жатыр. Штефан Таркович жаттықтыратын команда ҚПЛ турнирлік кестесінде жетінші орында келеді, Қазақстан кубогынан шығып қалды және құрамды жаңарту жұмыстарын бастап кетті. Бұған дейін клуб Георгий Зария мен Солтүстік Македония құрамасының жартылай қорғаушысы Яни Атанасовты өз қатарына қосқан болатын.
Бөлісу: