UFC–дің жартылай орта салмағындағы америкалық файтер Хоакин Бакли Шавкат Рахмоновпен арадағы ұзаққа созылған кикілжің кезінде оны ең қатты ашуландырған нәрсе сын емес, қазақстандық спортшының айтқан бір ғана қысқа сөзі болғанын мойындады.
Әңгіме Рахмонов Баклиге бағыттап айтқан «Қара бала» деген тіркес жөнінде. Америкалықтың айтуынша, дәл осы сөз айтыс–таластың ең жағымсыз тұсы болып, соңғы айларда өзі отқа май құйып жүрген жанжалдың шын мәнінде әсер еткен сәтіне айналған.
«Бұл — нәсілшілдік емес, бірақ дайындалып алынған сөз. Оған біреу солай айтуға кеңес берген сияқты. Шынымды айтсам, тіпті N әрпінен басталатын сөзді қолданса да, маған жеңілірек болар еді. Бірақ мені “бала” деп атау — тым артық, себебі мен ересек ер адаммын», — деді Бакли Parry Punch YouTube–арнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Хоакин Рахмоновтың сөзінде жеке өшпенділік көрмейтінін айтады. Оның ойынша, бұл тіркес қазақстандық жауынгердің командасы тарапынан алдын ала ойластырылған болуы мүмкін. Дегенмен, бұл жағдай Баклидің октагонда бетпе–бет кездесуге деген ынтасын одан сайын арттыра түскен.
Айта кетейік, Бакли бұған дейін де Рахмоновқа бағытталған мәлімдемелерімен көзге түскен. Мәселен, ол Шавкатты Өзбекстанда туған деп айыптап, жұрт назарын өзіне аударған болатын. Екі спортшы арасындағы жанжал әлі де өршіп тұр, ал жанкүйерлердің басты сұрағы — бұл текетірес нақты жекпе–жекке ұласа ма, жоқ па?